Қарауылда «Ел қорғаны» әскери-спорттық олимпиадасы өтті
Абай облысы, Абай ауданының Қарауыл ауылында облыс әскери-патриоттық клубтары арасында Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһараманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне орай «Ел қорғаны» әскери-спорттық олимпиадасы өткізілді.
Өткен олимпиадаға 10 әскери-патриоттық клуб және 60 жас патриот Абай облысының Семей, Аягөз, Курчатов қалаларынан және Абай, Ақсуат, Бородулиха, Көкпекті, Үржар, Жарма аудандарынан келген клубатар бақ сынасты.
Олимпиада басында әскери – патриоттық клубтар өздерінің интелектуалды мүмкіндіктерін тестілеу арқылы көрсетті. Саптық дайындық және саптық ән сайыстарын патриоттық клуб құрамасында тапсырды.
Қатысушылар әскери – қолданбалы спорт түрлеріненде жарысты. Тәрбиеленуші – ұлдар белтемірге күшпен шықса, қыздар жерден денені көтеру, секіртпемен секіру сайысты. Одан бөлек олимпиада қатысушылары пневматикалық мылтықтан ату, Калашников АК-74 автоматын шашып – жинау, жаппай қырып-жою қаруынан қорғау нормативтерін орындады. Тағы әскериленген эстафета ұйымдастырылып, қатысушылар белгіленген аймақтарды оқ-дәрі жәшігімен, газқағар, автоматты шашып-жинау және гранатаны лақтыру арқылы еңсерген.
Әскери – патриоттық клубтар арасында өткізілген облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша Семей қаласының әскери-патриоттық клубы бірінші орынды еншіледі, екінші орын Абай және үшінші орын Аягөз патриоттық клубтарына бұйырды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі