Қала әкімі Озерки ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді
Нұрбол Нұрсағатов ауыл тұрғындарының алдында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Тұрғындар қала басшысына өздерін толғандырған жер мәселесіне қатысты сұрақтарын жеткізді.
Биыл Озерки ауылдық округіне 87,4 млн теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде, нақты жобаларды іске асыруға 50 млн. 960 мың теңге қалалық бюджет қаражаты есебінен көзделген.
"Бұдан бұрын өткен кездесуімде сіздер бірқатар мәселелерді көтердіңіздер. Қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындарына қолдау көрсету және олардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында бірқатар іс -шараларды іске асыру қолға алынды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар объектілерді техникалық тексеру қорытындысы бойынша жыл соңына дейін бірқатар жұмыстар аяқталатын болады. Атап айтқанда, Озерки ауылындағы мектеп аумағында балалар ойын алаңқайы мен воркаут алаңын салу жұмыстары жақын мерзімде аяқталып, қолданысқа беріледі. Осы жұмыстар Половинка мен Талица ауылдарында да жүргізілуде. Сонымен қатар, Талица ауылындағы хоккей кортының қоршауын ауыстыру жұмыстары аяқталады”,- деді Нұрбол Нұрсағатов.
Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасымен ағымдағы жылдың 11 тамызынан бастап Озерки ауылдық округінің басты мәселесінің бірі Талица-Семей бағытындағы қоғамдық көлік қолданысқа берілді.