Шығыс кентінде салынып жатқан 300 орындық мектепке инженерлік желілер тартылуда
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан Шығыс кентіндегі 300 орындық мектепке инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда су құбыры желілерін тарту қарқынды жүргізілуде. Қажетті материалдар толық жеткізілген. Мектептегі құрылыс-монтаж жұмысы тамыз айында басталған.
Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевтың айтуынша, 2 жарым шақырым аумаққа су желісі тартылады. Қазіргі уақытта 800 метр аумаққа жүргізілген. Су тарту жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы мердігер компания өкілдеріне жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жауапты басқармаларға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста екі мектеп салынып жатыр. Аягөз қаласындағы 600 орындық мектеп 2-інші тоқсанда пайдалануға берілмек. Айта кетейік, жоба аясында биыл өңірде 3 мектеп пайдалануға берілді.