Абай облысында «Шәкәрім рухына тағзым» атты кең көлемді іс-шара ұйымдастырылды
Ақын, ғұлама, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығын атап өту аясында іс-шаралар топтамасы Абай ауданында жалғасын тапты.
Облысқа арнайы келген мерейтой қонақтары мен ақын ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері Қарауыл ауылындағы Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Одан кейін Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесінің барып, бабалар рухына құран бағыштап, зиярат етті. Келесі кезекте алыс-жақыннан жиналған делегат өкілдері «Қаламқас» ән-би ансамблі қойған әдеби-сазды қойылымды тамашалады.
Сондай-ақ, Жидебайдағы амфитеатрда ұйымдастырылған «Шәкірім баба өсиеті» тақырыбындағы облыстық жазба ақындар мүшәйрасына куә болып, жеңімпаз ақындарды марапаттау рәсіміне қатысты.
Ақын мерейтойына орай Алматы облысының Талғар ауданынан Шәкәрімнің Айғаншадан туған ұлы Зияттың немересі Нұрлан Мерекеұлы отбасымен, Алматы қаласының Панфилов ауданынан, Астана, Павлодар, Теміртау, Екібастұз қаласынан келген ұрпақтары Абай музей үйі, «Шәкәрімнің саят қорасы» музейі және Қарауыл ауылындағы М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханасында қойылған «Шежірелі Шәкәрім» кітап көрмесімен танысты.
Күн соңында мерейтой қонақтары Қарауыл ауылындағы Абай алаңында ұйымдастырылған «Кетермін, артымда сөз, әнім қалар…» атты мерекелік концертін тамашалады.